Көкпар қазақтың қанына сіңген қасиеті, дәстүрлі ұлттық ойыны. Жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдылығы мен ептілігін , ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт түрі. Осы орайда Ұзынағаш ауылындағы «Тоспа» атшабар алаңында Ұзынағаш ауылдық округі әкімдігі мен Ұзынағаш ауылының жастарының ұйымдастыруымен дәстүрлі эстафеталық көкпар ойыны өтті. Айтулы додаға ауылдық округтерінен 14 команда қатысыпты. Дүбірлі доданы 2022 жылдың «Үздік ұлттық ат спорты» комментаторы Елдос Үмбетәлі жүргізді.
Өз кезегінде Алматы облыстық «Бәйге» федерациясының президенті, әрі осы көкпарды ұйымдастырушы Нұрым Қырғызбай: «Бұл дәстүрлі «Сыбаға» көкпар ойыны осымен жеті жыл қатарынан өтіп жатыр. Бұның басқа көкпарлардан ерекшелігі жарысқа әр ауылдық округтен құралған командалар қатысады. Сондай-ақ, бір ауыл екінші ауылға көкпарды өткізу кезегін беріп, эстафетаны салтанатты түрде табыстайды. Сөйтіп көктем уақыты шыққанша бүкіл ауылдық округтерде командалық көкпар өтіп тұрады. Тағы да айта кетерлік бір жайт, «Сыбаға» көкпар ойынына сырттан команда кіргізілмейді. Тек Жамбыл ауданының ауылдық округтерінен құралған командалар қатысады. Ондағы басты мақсатымыз өскелең ұрпақты ұлттық спортқа баулу, ат үстінде шыңдап, ержүректікке тәрбиелеу. Соның нәтижесінде әр ауылдан шыққан қарапайым ауыл баласын іріктеп аудандық көкпар құрама командасына одан әрі облыстық, республикалық құрама команда сапына қосу ниетіндеміз. Қазіргі таңда көрсеткіштеріміз де жаман емес. Былтыр ауданнан құралған жастар құрама командасы облыстық чемпионатқа барып, жүлделі екінші орын алып келген болатын. Бұл осы «Сыбаға» көкпардың берген жемісі деп білеміз. Бүгінгі ойынға ауданнан 14 команда мен 170-ке жуық көкпаршы қатысып отыр. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже. Олардың дені жастар. Біз осындай ойын арқылы телефонға телмірген жастарды ат үстіне қондырып, ұлттық спортқа деген махаббатын оятып жатырмыз. Бүгінгі жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілейміз. Сондай-ақ, осы «Сыбаға» көкпар ойынына демеушілік танытқан жігіттерге, қолдау білдірген аудан әкімдігі мен Ұзынағаш ауылдық әкімдігіне алғыс айтамыз», – деді.
Дүбірлі додада тартысты, қызықты өтті. Он төрт команданың көкпаршылары бар күш-жігерін ортаға салды. Жарыс болған соң, біреу ұтса, біреу ұтылады. Ол ақиқат. Сонымен, ақтық мәреге Үмбетәлі ауылдық округі мен Ұзынағаш ауылдық округінің командалары шықты. Олардың көкпар ойнау тәсілі жанкүйерлердің көңілін сүйсінтті. Нәтижесінде, Ұзынағаш ауылдық округінің командасы жүлделі І-орынмен марапатталып, автокөлік ұтып алды. ІІ-орынға ие болған Үмбетәлі ауылдық округінің командасы 150 000 теңге мен екі қойды қанжығалады. Сондай-ақ, Ақсеңгір ауылдық округі мен Ақтерек ауылдық округінің командаларын ІІІ-орынды өзара бөлісті. Жүлде қоры 70 000 теңге және бір қой. Жарысқа қатысқан көкпаршылар Қалған көкпаршылар «Үздік көкпаршы», «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қорғаушы», «Үздік жас көкпаршы» сынды марапатқа ие болды.
Бөлісу
Жарияланды: 2023-10-13